2026 жылғы 16 ақпан күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «IT-балабақша» облыстық жобасы аясында Әйтеке би ауданы «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымында «IT - балабақша: цифрлық технологиялар арқылы баланың танымдық қабілетін дамыту» тақырыбында семинар өтті.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/323-it-balaba-sha-tsifrly-tekhnologiyalar-ar-yly-balany-tanymdy-ab-let-n-damytu-ta-yrybynda-oblysty-seminar-tt#sigFreeId2f410365e7
Шара педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мектепке дейінгі білім беру үдерісінде тиімді қолдану тәжірибесін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарға мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысып, заманауи білім беру үрдісіндегі инновациялық бағыттармен танысты.
Балабақша меңгерушісі А.Е.Нуржанова «IT-балабақша» пилоттық жобасының балабақшада жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын, цифрлық құралдардың балалардың танымдық белсенділігін арттырудағы маңызын атап өтті.
«Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымының педагогтері «Жасанды интеллект және балабақша: педагог жұмысының жаңа мүмкіндіктері», «Цифрлық технологиялар арқылы баланың танымдық қабілетін дамыту», «Robot Mouse-пен бірге сандар әлеміне саяхат», «Кішкентай зерттеушілер зертханасы», «Ақылды роботпен танымдық тапсырмалар орындау», «Ойна, ойла, үйрен», «Сезімдер галереясы» тақырыптарында іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар педагогтер цифрлық технологиялар, робототехника, танымдық тапсырмалар және арт-терапия бағыттары бойынша практикалық жұмыстар ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. Қатысушылар заманауи құралдарды қолдану жолдарын көріп, баланың қызығушылығы мен ойлау қабілетін дамытуға арналған тиімді әдіс-тәсілдермен танысты.
Семинар нәтижесінде педагогтер білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізудің маңызын айқындап, балалардың танымдық дамуына бағытталған жаңа мүмкіндіктерге көз жеткізді. Мұндай тәжірибелік алаңдар педагогтердің кәсіби өсуіне серпін беріп, білім беру сапасын арттыруға ықпал ететіні ерекше атап өтілді.

