ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар, олар мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға өтінішті БЖЗҚ-ға тапсыру қажет. Өтініш беру тәсілдері: enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне келіп жүзеге асыруға болады.
Барлық жарна түрлері есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте 24/7 режимінде қадағалауға болады.
БЖЗҚ сайтында оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгісі орналастырылған. Сондай-ақ, БЖЗҚ-ның "Төлем құжаттарын алдын ала тексеру" электрондық қызметін пайдалана отырып, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін жіберілетін құжаттарды алдын ала тексеруге болады.
"БЖЗҚ" АҚ салымшының ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) аудару туралы уақытылы шешім қабылдауы оған зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және болашақта жоғары төлемдер алуға септігін тигізетіндігін еске салады.