2026 жылдың 31 наурыз күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжімен бірлесіп орта мектептердің инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын педагогтері мен арнайы педагог-мамандарына арналған «Инклюзивтік білім беру бағытындағы оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
https://bilimaktobe.kz/kz/2-uncategorised/355-inklyuzivt-k-b-l-m-beru-ba-ytynda-y-o-u-t-rbie-zh-mystaryn-jymdastyru#sigFreeId601c118a80
Іс-шараның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмысты жетілдіру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және инклюзивті білім берудің тиімді тәжірибелерін тарату.
Семинар барысында спикерлер инклюзивті білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, инклюзивті сыныптағы заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері таныстырылып, оқыту процесін цифрландырудың тиімді жолдары көрсетілді. Сонымен қатар, инклюзивті ортадағы буллингтің алдын алу, қауіпсіз және қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шарада психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның инклюзивті білім беруді дамытудағы рөліне ерекше назар аударылып, білім алушыларды кешенді қолдау бағыттары түсіндірілді. Сондай-ақ сенсомоторлық және коммуникативтік дағдыларды қалыптастырудың тиімді әдістері ұсынылып, мамандар өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар аясында педагог-ассистенттің инклюзивті оқытуды ұйымдастырудағы маңызы, оның мұғаліммен және оқушымен өзара әрекеттесу ерекшеліктері мен мінез-құлықты түзету және сенсорлық дамыту әдістері қарастырылды.
Іс-шара соңында қатысушылар рефлексия жасап, өзара пікір алмасып, кері байланыс жүргізді. Семинар колледж, арнайы ұйымдар және жалпы білім беретін мектеп әріптестерінің тәжірибе алмасуына, кәсіби диалог орнатуына және инклюзивті білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік берді.



