


Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында дебат жетекшілеріне арналған «Ең үздік көшбасшы» облыстық турнирі өтті.
Турнирге облысымыздың 12 ауданынан 20 фракция қатысып, өзара тартысты әрі мазмұнды ойын өрнегін көрсетті.
Турнир барысында ашық төрешілік жүргізіліп, қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп қана қоймай, жіберілген қателіктерімен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде дебат жетекшілерінің кәсіби шеберлігін арттыруға оң ықпал етті.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Темір» фракциясы I орынды иеленсе, II орынға «Мұғалжар» фракциясы лайық деп танылды. Ал жартылай финалға шығып, жүлделі III орынға ие болған «Қызыл жебе» және «ОйлаSay» фракциялары марапатталды.
Сондай-ақ турнирдің «Ең үздік спикері» номинациясы «Мұғалжар» фракциясының мүшесі Жұмашева Динараға берілді.
Аталған турнир дебат жетекшілерінің көшбасшылық қабілетін шыңдап, тәжірибе алмасуына, сыни ойлау мен шешендік өнерін дамытуға зор мүмкіндік берді.

