Ағымдағы жылдың 29 сәуір күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Ұлттық тәрбие – ұлттық рух негізі» тақырыбындағы облыстық көшпелі семинары Шалқар ауданында жалғасын тапты.
Семинардың мақсаты. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру бойынша іс-тәжірибелермен бөлісу, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жүйелі түрде жүргізу. Бұл ретте жас ұрпақтың бойында қалыптасуы тиіс ұлттық құндылықтарды, тәрбиенің мәні мен мақсат-міндеттерін айқындау – семинардың негізгі өзегі болды.
Семинар барысында «Ұлттық спорт – ұлттық идеология» тақырыбындағы практикалық жұмысы қатысушылар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Қамқор», «Smart Bala», «Ұшқыр-ой алаңы», «Балалар кітапханасы», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт» жобалары бойынша жұмыстар таныстырылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді.
Семинар аясында кәсіби бағдар беру мақсатында «DIGITAL LIFE: МЕНІҢ БОЛАШАҚ КӘСІБІМ» атты мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Семинарға қатысушылар түрлі мамандық иелерінің жұмыс бағыттарымен танысып, олардың кәсіби ерекшеліктері жайлы жан-жақты мағлұмат алды.
Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жанынан құрылған «Даналық мектебі» клубының жоспары негізінде «Мектеп пен отбасы – тиімді серіктестік жолдары» атты танымдық шара өткізілді. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға, салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған бұл шарада «Ата-ана. Мектеп. Бала» үштік одағының өзара ынтымақтастығы мен бірлескен жұмыстары таныстырылды.
Қосымша білім беру және тәрбие бөлімі