Семинар мақсаты - ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқытуда, дамытуда және әлеуметтік бейімдеуде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін көрсету.
Шараға барлығы 25-ке жуық жалпы және арнайы білім беру ұйымдарының дефектолог мамандары және зиятында бұзылысы бар балалармен жұмыс жасайтын педагогтер қатысты.
Семинар барысында №7 арнайы (түзету) мектеп директоры Д.Трумова білім берудегі жасанды интеллект тақырыбына тоқталса, осы мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Л.Баймуханова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу процесінде компьютерлік технологияларды (ЖИ) пайдалану тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушылары А.Рыстыгулова ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытуда жасанды интеллектіні пайдаланудың мүмкіндіктерін және Ж.Оразова ChatGPT қызметін қолданудың тиімділігі мен зиянын, №7 арнайы (түзету) мектебінің дефектолог мұғалімдері С.Закария ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инновациялық әдістерді, Н.Самалбаева әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау сабағында ЖИ пайдалана отырып оқушыларды сәтті әлеуметтендіруге ықпал етуді, Г.Алдабергенова педагогтер үшін жасанды интеллект платформаларын қолдану жолдарын түсіндірді.
Шара соңында семинар қатысушыларымен кері байланыс жасалып, сұрақ-жауаптар алынды.