2025 жылғы 27 наурыз күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес «Жарқын болашақ» жобасы аясында «Құндылықтарға негізделген педагогикалық кәсібилік пен шығармашылықты дамыту» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинар ашылуында облыстық әдістемелік орталығының директорының орынбасары Н.Жалғас ТжКББҰ жүйесінде әр пән оқытушылары сабақ барысында білім алушылардың танымдық үдерістері мен жеке қызығушылықтарының дамуына ықпал етіп, топ ұжымын қалыптастыру бағытында тиімді тәжірибелерді енгізудің өзекті мәселелеріне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында орталық әдіскері Б.Нурмолдина «Құндылықтарға бағытталған оқыту стратегиялары мен әдістері», Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, арнайы пән оқытушысы М.Рамазанов «Оқу процесінде ұлттық құндылықтарды енгізу маңыздылығы», Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі директорының ғылыми әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары С.Ескалиева «Құндылықтарға негізделген білім беру: кәсібилік пен шығармашылықты қалыптастырудың өзекті мәселелері» тақырыбында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік сүйемелдеу көрсетті.
Тәжірибелік бөлімде ТжКББ ұйымдарының озық тәжірибелі педагогтері Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, аранайы пән оқытушысы Б.Абельпеисова «Интеграция ценностей по программе «Біртұтас тәрбие» в учебный процесс по специальным дисциплинам», Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі арнайы пән оқытушысы З.Қуанышова «Ұлттық құндылық - мәдени-музыкалық мұра негізі», Қобда көпсалалы колледжінің аға шебері А.Калдымуратов «Механизация және техникалық мамандықтарда шығармашылық және инновацияны дамыту» тақырыптарында шебер-класс, кейс - стади көрсетуде іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері М.Сарсенгалиева «Өмірлік құндылықтар» тақырыбында тренинг өткізіп, кеңес берді.
Ашық диалогтық алаңда сұрақ-жауаптар, ұсыныстар айтылып, қорытынды жасалды. Шараға ат салысқан педагогтерге орталық басшысының атынан Алғыс хаттар табысталды.