2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5%-ына дейін ұлғайтылды (ЖМЗЖ мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылы – 5%).
Еске саламыз, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа құрамдас бөлік – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкер табысынан ұсталатын міндетті 10% зейнетақы жарналарынан бөлек, өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлерінің пайдасына қосымша жарналар аударуға міндетті. ЖМЗЖ есептелетін табыс сомасы ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖМ) кем болмауы және тиісті жылға белгіленген 50 еселенген ЕТЖМ-нан аспауы тиіс.
Жұмыс беруші зейнет жасындағы адамдар, I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар тұлғалар, әскери қызметшілер, сондай-ақ 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған азаматтар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады.

