БЖЗҚ қызметтерінің 90%-дан астамы автоматты, электрондық және қашықтықтан тәулік бойы (24/7) ұсынылады.
Зейнетақы шотын тұрақты мониторингілеу үшін Қор сайтындағы немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинет арқылы үзінді көшірме алу неғұрлым жедел және ыңғайлы болып табылады. Үзінді көшірмеде салымшыға қажетті барлық ақпарат беріледі. Атап айтқанда, жинақтардың жалпы көлемі, оның ішінде жарналар түрлері бойынша жинақталған қаражат сомасы жеке көрсетіледі. Сондай-ақ, үзінді көшірмеден зейнетақы жарналарын қай ұйым, қандай уақытта аударғанын да білуге болады. Сондай-ақ, сұралған кезеңдегі инвестициялық кірістің мөлшерін көруге болады.
Жеке кабинетте зейнетақы шотының жай-күйіне қатысты ақпараттан басқа, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шоттың болуы туралы анықтама алу, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге және болашақта алғыңыз келетін зейнетақы мөлшерін көрсете отырып, зейнетақы жоспарын құруға көмектесетін зейнетақы калькуляторы мен дербес зейнетақы жоспарын пайдалануға болады.
Зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтар үшін ыңғайлы.