Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшыларына қолдау көрсетуге және ақпараттандыруға бағытталған кең ауқымды қызметтерді белсенді түрде ұсынып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтар мен 1 мамыр аралығында халыққа шамамен 19,4 млн қызмет көрсетілді.
Көрсетілген қызметтердің жалпы санынан:
– 9,1 млн-нан астамы электрондық форматта,
– 9,6 млн-нан астамы автоматты түрде жүргізілді.
Осылайша автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы көлемнің 98,2%-ын құрады.
Жүзбе-жүз форматта 343,0 мыңдай қызмет көрсетілді, оның ішінде 334,9 мыңнан астамы – Қор бөлімшелерінде.
Еске салайық, зейнетақы шоттары БЖЗҚ-да алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушыларына арналған мақсатты талаптар мен мақсатты жинақтар автоматты түрде есептеледі.
Есептік кезеңде шартты зейнетақы шоттары (ШЗШ, олар жұмыс беруші ЖМЗЖ аударғанда ашылады) мен мақсатты жинақ шоттарын (МЖШ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында) қоса есептегенде зейнетақы жарналарының барлық түрі бойынша 718,1 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) автоматты түрде ашылды.
Сұранысы жоғары қызметтердің бірі – ЖЗШ, ШЗШ және МЖШ бойынша шоттан үзінді көшірме алу. Жыл басынан бері 10,1 млн үзінді берілді, оның ішінде:
– 8,3 млн-нан астамы – электронды түрде,
– 1,4 млн-нан астамы – автоматты түрде.
БЖЗҚ жеке кабинет арқылы зейнетақы жинақтарын бақылаудың ең ыңғайлы әрі сенімді жолын ұсынады. Сервис 24/7 режимінде жұмыс істейді және ақпаратты Қордың сайтындағы жеке кабинеттен, egov.kz порталынан және электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасынан алуға болады.
Сонымен қатар, салымшылар жеке кабинет пен мобильдік қосымша арқылы келесі қызметтерді әлемнің кез келген нүктесінен 24/7 режимінде пайдалана алады:
– жеке деректерін өзгерту,
– шоттар туралы анықтама алу,
– мүгедектігіне байланысты төлемдерге өтініш беру,
– инвестициялық портфельді басқарушыға жинақтардың бір бөлігін аудару,
– зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеу және т.б.
2025 жылдың қаңтар-сәуір аралығында реквизиттерді өзгерту бойынша 50,1 мыңнан астам өтініш қабылданды, оның ішінде 46,8 мыңнан астамы Қор бөлімшелерінде.
БЖЗҚ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізуде:
– 15,8 мыңнан астам көшпелі презентация ұйымдастырылды,
– оларға 332,5 мыңнан астам адам қатысты,
– БАҚ-та 15,3 мыңнан астам материал жарияланды.
Кері байланыс арналары арқылы салымшылардан 205,4 мыңға жуық өтініш түсті.
? Кез келген компания жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге Қордың сайты мен мобильді қосымшасы арқылы өтінім бере алады және 1418 нөміріне қоңырау шалуға мүмкіндігі бар.